Тоқаев қандай мерзімге сайлануы мүмкін

Журналистер вице-министр Алма Мұқановадан күзде өтетін кезектен тыс президент сайлауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қандай мерзімге сайлануы мүмкін екенін сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Айта кетері, Конституцияның қолданыстағы нормасына сәйкес, президент өкілеттігінің мерзімі бес жылды құрайды. 1 қыркүйекте ел халқына жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік мерзімді 7 жылға дейін ұзартуды және бір мерзімге ғана сайлауды ұсынды. Яғни қайта сайлануға тыйым салынады. Мәжіліс кулуарында БАҚ өкілдері вице-министрден Тоқаев қандай мерзімге барады деп сұрады. “Тиісті заң жобасы парламентке қыркүйекте енгізіліп, қазан айында қабылданды делік. Ал сайлау қарашаға белгіленсе, Конституцияға өзгерістер енгізетін заңда жаңа норма қол қойған күннен бастап күшіне енеді делінсе, онда жаңа сайланған президент Конституцияның жаңа баптарын басшылыққа алады. Яғни жеті жылға және бір мерзімге сайланады”, – деп түсіндірді Мұқанова.