Жалғыз жүрген қыздарды ғана тонаған: Алматыда әккі ұры ұсталды

Алматыда жалғыз жүрген қыздарды тонайтын 26 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.

Тәртіп сақшыларының мәлімдеуінше, күдікті қараңғы түскенде өзіне қарағанда әлсіз қыздардың соңына түсіп, көзден тасалау жерде тарпа бас салып, тонап келген.

“Бұл қарақшының әдеттегі тәсілі. Қаскөй бейтаныс қыздарды аңди жүріп, тұрғын үйлердің кіреберісінде өзінің қылмыстық ниетін жүзеге асырып отырған. Яғни, зорлық-зомбылық әрекеттімен қорқыту арқылы кез келген құнды нәрсені – сырға, алқа, ұялы телефон, сағат, ақша беруді талап еткен”, – дейді Алматы қаласы криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.

Қазір күдікті ұсталып, Алматы қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктіні ұстау кезінде оның қолында ас үй пышағы болған.