Жалпыға бірдей декларация: қазақстандықтарға қанша қолма-қол ақша сақтауға рұқсат етілген

Жалпыға бірдей декларация шеңберінде 10 мың АЕК мөлшеріндегі шектен аспайтын қолма-қол ақша банктік шоттарға орналастырылуы тиіс. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. Ведомство мәліметінше, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларацияның екінші кезеңі басталады. Алматыда 100 мыңнан аса мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары алғаш рет активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырады. “Алғашқы декларацияда Қазақстаннан тысқары жерлердегі мүлік пен мүліктен басқа, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлесі, инвестициялық алтын, бағалы қағаздар және т.б. 10 мың АЕК мөлшеріндегі шектен аспайтын қолма-қол ақша көрсетіледі. Бүгінде бұл 30 миллион 630 мың теңге. Ал артық сома 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін банк шоттарына орналастырылуы тиіс”, – деді ведомство өкілі.