Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыс орнынан тағы бір адамның мәйіті табылды. “Ол №3 құтқару және өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Заикин Сергей Владимирұлы болып шықты”, – делінген министрліктің хабарламасында. Бұл туралы Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Осылайша Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза болғандар саны 15 адамға жетті. Қазір жоғалған тағы бір адамды іздеу жалғасып жатыр. Апаттан 98 адам жараланғаны хабарланды. Қаза болғандардың арасында өрт сөндірушілер, төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар.