Бұл туралы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры Ғалымжан Әди айтты. Өтінімдерді қабылдау www.autonesie.kz ресми сайты арқылы жүргізіледі. Осы орайда өтінім беру үшін компьютер арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны енгізіп, қосылуға болады. Платформада тек Қазақстан аумағында тіркелуге мүмкіндік бар. Қазіргі кезде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-да жинақталған қаражат сомасы 7,6 млрд теңгеге жетті. Келесі аптада іске қосылатын пилоттық платформаға 761 адам тіркеле алады. Одан кейін өтінім қабылдау автоматты түрде тоқтайды. «Кейін аталған платформада өтінім қабылдау ай сайын жүргізіледі және 100-ден астам адамды тіркеуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада. Жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасының шарттары өзгеріссіз қалды: – бір автокөліктің құны 15 млн теңгеден аспайды; – қаржыландыру сомасы 10 млн теңгеден артық емес; – қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспайды; – бастапқы жарна – 0 пайыз.