Желіде 42 500 теңгені қайтару туралы хабарлама тарап жатыр

Әлеуметтік желіде төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге алған жұмыссыздар мемлекетке 20 мың теңгені қайтаруға міндетті екені туралы жаңалық талқыланып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Stopfake.kz.
Былтыр мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төтенше жағдайға байланысты кірісінен айырылған жұмыс істейтін адамдарға 42 500 теңге төленді.
“Егер азамат пандемияға дейін жұмыссыз болса, ол Қазақстан аумағында енгізілген шектеулерге байланысты табысынан айырылуы мүмкін емес. Тиісінше ол 42 500 теңгені алуға өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде өтініш бермеуі керек еді, өйткені ол бұл санатқа жатпайды. Дегенмен МӘСҚ 42 500 теңге алған жұмыссыздардан 20 000 теңгені қайтаруды талап етіп жатқан жоқ”, – деді еңбек министрлігіндегілер.
Демек қазақстандықтарды бұрын алған әлеуметтік төлемді қайтаруға міндеттеп жатыр деген хабарлама шындыққа жанаспайды.
Айта кетейік, желіде 42 500 теңгені қайтару туралы жалған ақпараттар бұған дейін де тараған болатын.