2026 жылға дейін бүкіл ел көлемінде студенттік жатақханаларда 30 мың орын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен жиында айтылды. “Қарағанды және Маңғыстау облыстарында 900 орындық екі жатақхана пайдалануға берілді. Республикада жыл соңына дейін 8,3 мың орынға есептелген тағы 26 жатақхана пайдалануға беріледі”, – деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі. Кезекті мониторинг барысында Астана, Алматы және Көкшетау қалаларында қаржының болмауынан және басқа да себептерден құрылыс мерзімінің бұзылу қаупі бар 2,1 мың орынға шақталған 6 жатақхана анықталды, сондай-ақ Павлодар облысында жатақхананы реконструкциялау жұмыстары кешеуілдеген. Жиында жоспарға 1600-ден астам орынға арналған 8 әлеуетті нысанды енгізу ұсынылды.