Жыл соңына дейін студенттерге арналған 26 жатақхана салынады

2026 жылға дейін бүкіл ел көлемінде студенттік жатақханаларда 30 мың орын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен жиында айтылды. “Қарағанды ​​және Маңғыстау облыстарында 900 орындық екі жатақхана пайдалануға берілді. Республикада жыл соңына дейін 8,3 мың орынға есептелген тағы 26 жатақхана пайдалануға беріледі”, – деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі. Кезекті мониторинг барысында Астана, Алматы және Көкшетау қалаларында қаржының болмауынан және басқа да себептерден құрылыс мерзімінің бұзылу қаупі бар 2,1 мың орынға шақталған 6 жатақхана анықталды, сондай-ақ Павлодар облысында жатақхананы реконструкциялау жұмыстары кешеуілдеген. Жиында жоспарға 1600-ден астам орынға арналған 8 әлеуетті нысанды енгізу ұсынылды.