2023 жылы өрт сөндірушілердің жалақысы өседі

Келесі жылдан бастап өрт сөндірушілердің ең төмен жалақысы 180 мың теңге болады. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Министрдің айтуынша, үш жыл бұрын өрт сөндірушілер 65 мың теңге алатын. Қазір қызметке енді кіріскен маманның ең төмен жалақысы 110 мың теңге шамасында. “2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны 10%-тен 70%-ке дейін көтеру жоспарланып отыр. Қатардағы құрамның айлығы 70 пайызға, ал басқарушы құрам – өрт сөндіру қызметі мен бөлім басшыларынікі 10 пайызға өседі”, – деді Ильин. Бұл ретте ТЖ министрлігінің басшылық құрамы, соның ішінде министр мен оның орынбасарларының жалақысы ұлғаймайды.