Облыс орталығында короновирус инфекциясы 7 пайызға өскен. Қауіпті індеттен сақтану үшін Қызылорда қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысы күшіне енді. Карантин режимі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін жалғасады. Көпшілік мерекелік іс-шаралар, ұжымдық, отбасылық жиындарға тыйым салынады.
Ал компьютерлік клубтар, букмекерлік және лото, мото-конторалардың жұмысы күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режиммен сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін шектеледі. Оның жұмысы мұның алдында 23.00-ге дейін болатын. Кинотеатрлар, түнгі клубтар, сауда ойын-сауық орталықтары жанындағы балалар ойын алаңдары қызметін тоқтатады.
«Балаларға арналған жазғы тынығу, сауықтыру лагерлері, мектеп жанындағы күндізгі лагерлердің жұмыс жасауына тыйым салынады. Оқушылар және мектеп жасына дейінгі балаларға экскурсия өткізуге болмайды. Қалалық демалыс паркі өз жұмысын санитарлық-дезинфекциялық нормаларды қатаң сақтай отырып жалғасады. Мемлекеттік органдар, мекемелер, ұйымдар, кәсіпорындар штат кестесінде 30-дан астам қызметкер болса, 50 пайыз қашықтан жұмыс істейді» деп мәлім етті Қызылорда қаласының әкімдігі. Қоса кетсек, талаптардың сақталуын бақылайтын мобильді топ құрылды.