Әлеуметтік желіде COVID-19-ға қарсы вакцина салдырмаған балаларды мектепке кіргізбейтіні туралы ақпарат тарады. Stopfake.kz порталы бұл жалған мәлімет екенін хабарлады. Біріншіден, Pfizer/BioNTech вакцинасының алғашқы партиясы осы жылдың қазан айында, яғни оқу жылы басталғаннан кейін әкелінуі мүмкін. Екіншіден, денсаулық сақтау министрінің өзі хабарлағандай, балаларды COVID-19-ға қарсы вакциналау тек ерікті түрде ғана жүргізіледі және кәмелетке толмағандар ата-аналарының келісімімен ғана егіледі. Демек екпе салдырмаған балаларды білім алуға конституциялық құқығынан айырады деген қауесет негізсіз және шындыққа жанаспайды. Қазақстандық оқушылар вакциналау мәртебесіне қарамастан білім алады.