Көкшетау қаласында блок бекеттер қайта қойылды. Карантин шаралары күшейтілді. Соған байланысты Ақмола облысының аумағында көптеген нысанның жұмыс істеу тәртібі өзгерді деп хабарлайды Sputnik.
Енді Ақмола облысындағы туризм нысандарын, қонақ үйлер, отельдер мен демалыс үйлерін тек 50 процентке ғана толтыруға болады. Аймақтағы бас санитария дәрігерінің қаулысында осылай көрсетілген. Демалыс аймақтарындағы бассейндерді таңғы сағат 9:00-ден кешкі сағат 19:00-ге дейін ғана ашуға рұқсат. Оған алдын ала жазылу арқылы кіруге болады.
Қала ішіндегі қоғамдық көліктің қозғалысы шектелді. Оның жүру уақыты таңертең сағат 06:00-ден 10:00-ге дейін және кешкісін сағат 17:00-ден 21:00-ге дейін бекітілген. Барлық базардың уақыты да сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін шектеліп отыр. Ал демалыс күндері (сенбі мен жексенбі) толығымен жабылып, санитария шаралары атқарылады.
Ал азық-түлік, гигиена және тұрмыстық химия тауарларын сататын сауда орталықтары таңғы сағат 08:00-ден кешкі сағат 21:00-ге дейін істей алады.Монша мен сауналар сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады. Алайда бес адамнан артық кіргізуге рұқсат жоқ. Аршалы, Астрахан мен Целиноград аудандарында, Көкшетау қаласында фитнес орталықтар, жаттығу залдары мен спорт кешендері жабылады. Бірақ залды 30 процентке ғана толтыруға болады. Бас санитардың қаулысына сәйкес, саяжайлар, алаңдар, саябақтар мен жағалауда серуендеуге тыйым салынған. Отбасылық шараларды өткізуге болмайды.
Қонақ шақыруға рұқсат жоқ. Жерлеу рәсімі кезінде 10 адамнан артық жиналуға болмайды. Айта кетейік, 15 маусымнан бастап облыс орталығы – Көкшетау қаласында блок бекеттер қайта қойылды.