Биыл өңірлерде көмір бағасы тоннасына 19 мың теңгеге дейін барады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Министр көмір бағасын мемлекет реттемейтінін атап өтті. “Әкімдіктердің ақпаратынша, өңірлерде көмірдің құны тоннасына 5 мың теңгеден 19 мың теңгеге дейін өзгереді. Бұл, ең алдымен, көмірдің маркасына, өндіру шығыны мен жеткізу қашықтығына байланысты”, – деді Атамқұлов үкімет отырысында. Айтуынша, бүгінде халық тарапынан “Шұбаркөл”, “Жалын” (Қарағанды облысы), “Қаражыра” (Шығыс Қазақстан облысы) кен орындарының көмірі үлкен сұранысқа ие. Министр барлық өңірде көмір қоры жеткілікті екеніне, жылу беру маусымында дүрлігу мен тапшылық болмайтынына сендірді.