Алматыдағы атыс: қайтыс болған бесінші адам кім екені хабарланды

Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов атыс кезінде қайтыс болған бесінші адам туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. “Бесінші адам – үйді сатып алған кісінің танысы. Ол куәгер ретінде бірге келген”, – деді Таймерденов. Оқ атқан адамның отбасына тиесілі үй бұрын банкке қарыз болғаны үшін сатылған. Жеке үй сот орындаушысы арқылы үшінші тұлғаға сатылды. Бұрынғы иесі сот шешімімен келіспей, үйді бергісі келмеген. Сот жаңа үй иесінің жағына шықты. Үйге кірмек болған кезде бұрынғы иесі оқ жаудырды. Бес адам қаза болды: екі полиция қызметкері, бір жеке сот орындаушысы және екі тұрғын, олардың бірі үйдің жаңа иесі, екіншісі оның танысы. 1967 жылы туған күдікті ұсталды. Ол 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.