Атыс кезінде қайтыс болған алматылық полицейдің бес баласы қалды

Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов оққа ұшқан екі полицей туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. “Дархан Сүлеев бізде 2004 жылдан бері жұмыс істеген. Жақында ғана академияны аяқтады. Оның бес баласы қалды. Ал Нұрбол Байғазиев 2014 жылы келді. Оның екі баласы қалды. Олардың бәрі кәмелеттік жасқа толмаған. Учаскелік инспекторлар Ақбұлақ ауданында жұмыс істеген. Екеуі де жақсы қызмет атқарды. Халық тарапынан талай рет алғыс айтылды”, – деді Таймерденов. Оның айтуынша, үйді босатуға келіспеген ер адам аңшы мылтығымен оқ жаудырған. Полицейлерде табельді қару болған. Бірақ олар қызмет қаруын пайдаланбаған. “Құқық қорғаушылардың табельді қаруды не себепті қолданбағанын тергеу кезінде анықтаймыз”, – деді Таймерденов.