Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның вакцина паспортын мойындайтын елдерді атады. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Грузия, Қырғызстан, Венгрия, Молдова, Моңғолия, Таиланд және Түркияның уәкілетті органдарымен вакцина паспорттарын өзара тану бойынша ноталармен алмасты. Сондай-ақ Беларусь, Вьетнам, Мысыр және Оман сияқты елдер шет мемлекеттердің вакцина паспорттарын біржақты тәртіппен танып, азаматтардың ел аумағына кіруін жеңілдетті. Бұл елдерге бару үшін Қазақстан азаматтарына шекарадағы өткізу пунктерінде коронавирусқа қарсы вакцина алғанын растайтын құжатты ұсыну жеткілікті. Бұдан бөлек, қазір Аргентина, Армения, Әзербайжан, Иордания, Индонезия, Марокко, Өзбекстан, Ресей, Филиппин және тағы басқа мемлекеттермен вакцина паспортын өзара тану бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.