Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-ананың біреуіне шипайжаға тегін жолдама беріледі. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
“Қазіргі кезде үкіметтің қарауында мүгедектігі бар адамдарға қатысты тағы бір маңызды заң жобасы жатыр. Құжат сенаттың бастамасымен әзірленді. Негізгі мақсат – мүгедек жандардың өмір сүру сапасын жақсарту. Заң жобасы аясында заңнамалық актіге 38 өзгеріс енгізу жоспарланып отыр”, – деді Әукенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, заңнан “мүгедек” деген термин алынып тасталады. Себебі бұл сөздің кемсітушілік сипаты басым. Ал ондай отбасыларға “мүгедектігі бар баланы тәрбиелейтін отбасы” деген мәртебе ресми түрде беріледі.
“Сосын мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-ананың біреуіне немесе асыраушысына шипажайға тегін жолдама беруге қатысты ұсыныс бар. Бүгінде ондай шара заңмен реттелмеген”, – деп атап өтті вице-министр.