Бүгінде Қазақстанда 6831 адамнан симптомсыз коронавирус анықталды деп хабарлайды 24.kz.
Олар бірден үй карантиніне жатқызылады. Ауру белгісі жоқ адамдар отбасында медициналық бетперде тағуға тиіс. Өйтпесе үй ішінде аурудың таралуына алып келеді. Сондықтан емделуші бір бөлмеге оқшауланып, бетпердені 14 күн бойы киюі керек.
Еліміздің жетекші инфекционист дәрігері Динагүл Баешева осылай деп мәлімдеді. Коронавирус формасы өзгеріп жатыр. Алғашында белгі бермеген жұқпалы ауру адам ағзасына түскен соң кезең-кезеңімен біліне бастайды.
Мәселен, полимеразды тізбекті реакция тестілеуінен өткендердің 39 проценті бастапқыда денсаулығына шағымданбаған. Бірақ біраз уақыт өткеннен кейін бірқатарының бойынан вирустың жеңіл түрі табылыпты. Сол себепті өзін жайсыз сезінген азаматтарды жаппай тескеру керек. Маманның айтуынша, тестілеу орталығына жиі бара беру дұрыс емес. Бұл ұзын сонар кезектің пайда болуына алып келеді. Тестілеу оң нәтиже көрсетсе, үрейленбеу қажет. Жеке гигиеналық талаптарды сақтап, дұрыс тамақтанса жеткілікті дейді Динагүл Баешева.
Инфекционист маманның айтуынша, ауру белгісі анық байқалған науқастармен салыстырғанда симптомсыз пациенттердің қоғамға келтірер кесірі ауыр болуы мүмкін. Өйткені, алғашқылары стационарда жатып толық емделсе, соңғылары көбіне оқшауланбағандықтан вирус тасымалдаушыға айналуы ықтимал.