Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі осындай бұйрық қабылдады. Жолаушылар мен жүкті тасымалдау ережелеріне сәйкес, электронды билетті қағаз билеттермен қатар қолдануға болады. Бұйрықта электронды құжатты пайдалану тәртібі де жазылған. “Егер жолаушы электронды жол жүру құжатын сатып алса, автобусқа мінгенде электронды билет немесе жеке басты куәландыратын құжатты көрсету керек. Жеке куәлікті цифрлық құжаттар қызметі арқылы көрсетуге де болады. Электронды жол жүру құжаты болса, қағаз билет берілмейді”, – делінген бұйрықта. Бұл құжат 60 күннен кейін күшіне енеді. Қоса кетейік, автобустардың жүргізушілері рейс алдында және одан кейін медициналық тексерістен өтуі керек.