Былтыр құны 66 миллиард теңгені құраған дәрі-дәрмек тиімді пайдаланылмады. Бүгін Андрей Лукин Сенат отырысында осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, бұл қаражат есебінен 39 дертке қарсы препарат сатып алынып, кейіннен қажет болмай қалды. Мәселен, қазір «СК-Фармация» компаниясының қоймаларында 150 миллион теңгеге сатып алынған дәрілер босқа жатыр. Оларды қолдану мерзімі аяқталғандықтан жоюға тура келеді. Сондай-ақ сенатордың пікірінше, көптеген препараттың бағасы жасанды түрде қымбаттатылған. Құны 14 миллиард теңгеден асқан 16 дәрінің клиникалық әсері мүлде дәлелденбеген. Осы орайда Лукин қажетті препараттардың бірыңғай тізімін жасап, сала мамандарын оларды сатып алуға негіздеме әзірлеуге міндеттеуді ұсынды.