Шығыс Қазақстанда Риддер қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы Қуат Мұхамедчинов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Онымен істес болған екі азаматқа да үкім шықты. Экс шенеунікке «электр желісі құрылыс нысанын салу кезінде» мемлекетке 146 миллион теңгеге жуық шығын келтірді деген айып тағылған еді. Бұл электр желісі Риддерден Батыс Алтай қорығына дейін тартылу керек болған. Сол кездегі шенеунік мердігер кәсіпорынның істемеген жұмыс актісіне қол қойып, қабылдап қойған. Салдарынан қыруар қаржы мердігерге өтіп кеткен. Актіде көрсетілген құрылыс материалдары шын мәнінде жоқ болып шыққан. Риддерде өткен алғашқы сотта айыпталушылар ақталған еді. Дегенмен облыстық сот шешімі қарама қайшы болып шықты.