Сот орындаушысы қызмет барысында оқыс жағдайға тап болса, оған өтемақы төленеді. Бұл туралы әділет министрі мәлімдеді. Марат Бекетаев күш қолдану жиілегеннен кейін тиісті палатамен кеңес өткізген. Нәтижесінде шет елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, қаржылық қор ашуды ұсыныпты. Министрдің айтуынша, жеке сот орындаушыларының палатасы қараша айынан бастап соны жасақтауға кірісті. Сондай-ақ сот орындаушылардың борышкерлермен кездесуін видеоға жазу көзделген. Министр Президенттің Жолдау аясындағы тапсырмаларына да тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметтер 100% электронды түрде көрсетілуін жүктеген еді. Соған байланысты ведомствоның 47 қызмет түрі цифрланған. Мысалы, бұрын АХАЖ-да тіркелу үшін тұрғылықты мекен-жай бойынша жүгіну керек болатын. Енді құжатын елдің кез келген қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімдей алады.