Алматы облысының әкімі Амандық Баталов аурухананың бір бөлімінде жалғыз жатыр деген ақпаратты әкімдіктің баспасөз қызметі жоққа шығарды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Агенттіктің жазуынша, Instagram желісінде 85 мыңнан астам оқырманы бар “Талдыкорганец” парақшасында Амандық Баталовтың аурухананың білдей бір бөлімінде жалғыз емделіп жатқаны туралы ақпарат пайда болған.
“Баталов Талдықорған қаласында орналасқан көпсалалы ауруханадағы блокта жалғыз жатыр. Соның салдарынан қарапайым науқастар аудандарға жіберілуде. Ол жерге тек бас дәрігер ғана кіріп-шыға алады”, – деген жазба авторы.
Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелге хабарласып, мән-жайды анықтап білген.
“Амандық Баталовтың Талдықорғандағы көпсалалы ауруханада жатқаны рас. Бірақ ол жалғыз өзі бір бөлімде жатыр деген ақпарат жалған. Ол кісімен бірге бір бөлмеде 11 адам ем алып жатыр. Олардың арасы арнайы жабдықпен бөлінген”, – дейді Ғалымұрат Жүкел.