Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында Қазақстандағы инфляция туралы айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының және бүкіл Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің даму деңгейі азаматтардың әл-ауқатына тікелей әсер ететінін атап өтті. “Геосаяси турбуленттілік пен жаһандық экономикадағы дағдарыстың күшеюі әлемде инфляциялық қысымды күшейтіп жатыр. Бұл әсіресе азық-түлік нарығында сезіліп жатыр. Қыркүйекте елімізде инфляция 17 пайыздан асты, ол әлі де өсіп жатыр. Бұл азаматтардың нақты табыстарының төмендеуіне әкеледі. Бағаның өсуіне 20 пайызға жеткен азық-түлік инфляциясы басты әсер етіп отыр”, – деді Мемлекет басшысы. “Бағалар бұйрықпен реттелмейді, бірақ әкімдер сатып алушылармен басын ашып талқылай алады және тиіс. Үкімет барлық деңгейдегі әкімдермен бірлесіп 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін тиімді және уақтылы іске асыруды қамтамасыз етуге тиіс. Бұл принципті мәселе менің жеке бақылауымда болады”, – деп түйіндеді.