Қазақстандық банктер “МИР” карталарын қабылдауға рұқсат алды

Қазақстандық банктер “МИР” жүйесінің төлем карталары бойынша операциялар жүргізуге рұқсат алды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап. Ведомство мәліметінше, 2022 жылғы 8 желтоқсанда реттеушілер АҚШ Қаржы министрлігінің бөлімшесі – Шетелдік активтерді бақылау басқармасынан (OFAC) хат алған, онда америкалық ведомство “МИР” жүйесінің банк карталарын жеке тұлғалардың, атап айтқанда Ресейден Қазақстанға қоныс аударған азаматтардың күнделікті өмір сүруін қамтамасыз ететін операциялар жасау үшін пайдалануына қарсылық білдірмейтінін түсіндірді. “Бұл ретте, хатта осы төлем жүйесімен жасалатын операциялар Ресейге қарсы санкцияларды айналып өту үшін оны пайдалануға жол бермеу мақсатында ерекше бақылауда қалатыны айтылған”, – делінген хабарламада.