Бөлшек саудадағы газ бағасын реттеу мерзімі тағы жарты жылға ұзартылады

Үкімет сұйытылған газ бағасын мемлекеттік реттеу мерзімін тағы алты айға ұзартуға шешім қабылады, деп хабарлады бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі. Қазіргі кезде парламентте заң жобасы аясында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге шекті баға белгілеу бойынша уәкілетті органға құзырет беру мәселесі қарастырылып жатыр. Мемлекеттік реттеуді сақтау мақсатында бұған дейінгі бұйрықтың мерзімін ұзарту ұсынылды. Бұйрық жобасына сәйкес, Қазақстан аумағындағы автогаз құю станцияларында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге уақытша мемлекеттік реттеуді 2023 жылдың 30 маусымына дейін ұзарту көзделіп отыр. Құжаттың жобасы “Ашық НҚА” сайтында жарияланды.