Бизнес-идеяларын жүзеге асырғысы келетін қазақстандықтар 20 ақпаннан бастап қайтарымсыз грант алуға өтінім бере алады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Оның айтуынша, биыл бизнес ашуға немесе кеңейтуге 9 мың грант беріледі. Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін грант алуға өтінімдер “Business.enbek.kz” порталы арқылы қабылданады. “20 ақпан – 3 наурыз аралығында гранттардың бірінші легі беріледі. Грант сомасы 400 АЕК немесе биыл 1 380 000 теңге”, – деді Ордабаев. Республика бойынша бірінші лекте 2 577 адамға грант беру жоспарланып отыр. Әр қатысушы грантты тек бір рет қана ала алады.