Талдықорғанда бейнебақылау камераларының саны көбейіп келеді. Қаланың кіреберісіне жаңадан қойылған құрылғының өзі бір тәулікте 673 заң бұзушылықты тіркеді. Арасында 40 шақырым жылдамдықпен жүретін жерде 150 мен жүйіткіп өткендер бар. Жол ережесін бұзған жүргізушілерге 22 млн теңге айыппұл салынды. Бұндай қондырғының алтауы сынақтан өткізіліп жатса, тағы жиырмасын облыс аумағына орнату жоспарланып отыр. Себебі жыл басынан бері өңірде 21 жол көлік оқиғасы болып, 13 адам қаза тапты. Тағы жиырма алты тұрғын әртүрлі дене жарақатын алған. Бұған жүргізушілер мен қатар жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауы себеп. Қазір облыста 230 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр.