Елімізге бөлшектеліп әкелінген және құрастырылған автокөліктер заңдастырылады. Бұл туралы ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. “Біз “конструктор” көліктерді заңдастырамыз. Рөлі оң жақта орналасқан көліктер бойынша, өздеріңіз білесіздер, 2014 жылы жол ережесі туралы заңға өзгерістер енгізілді. Ол жерде Қазақстанда ондай автокөліктерді жүргізуге тыйым салынған. Бірақ президенттің тапсырмасы болған соң, оны заңдастырып береміз. Бірақ кейін басқа біреуге сатуға тыйым салынады”, – деді Ахметжанов. Оның айтуынша, “конструктор” көліктерді заңдастыру бойынша ведомствоға 1,5 мың өтініш түскен. “Олар техникалық сертификаттаудан өтеді. Егер қауіпсіз болса, заңдастырып береміз”, – деді министр.