Ата-аналар президенттен көмек сұрады. Олар қызды ұрып-соққан оқушыны мінез-құлқы девиантты балалар мектебіне ауыстыруды талап етіп отыр. Ата-аналардың шағымы туралы “Немолчи” қоры жариялады. Олардың айтуынша, шағым айтқандарға мектеп тарапынан қысым көрсетілген. Өйткені ұрып-соққан оқушының анасы Өскемен қалалық білім бөлімінде кадр бөлімінің басшысы болып қызмет етеді. “Қылмыстық іс қозғалды. Қызды ұрып-соққан оқушының анасы, кадр бөлімінің басшысы қазір денсаулығына байланысты демалыста. Сол себепті еш шара қолдана алмаймыз. Жазылып жұмысқа шыққан соң ары қарай жұмыс істей ме, жоқ па шешіледі”, – дейді Өскемен қалалық білім бөлімі басшысы Сәуле Алагөзова. Қызды соққыға жыққан Оралхан Бөкей атындағы 44-лицейдің 9-шы сынып оқушысы. Оның мектептегі жүріс-тұрысы қатаң бақылауда”, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы. Ал лицей директоры Жаңыл Назарбаева қатаң сөгіс алды. Еске сала кетейік, Өскемендегі ойын-сауық орталықтарының бірінде әжетханада қатарластары жасөспірімді шешіндіріп тастап, аяусыз соққыға жыққан. Оқиға араға 1 ай өткеннен кейін ғана әлеуметтік желі арқылы әшкере болды. Қазіргі күні тергеу жүріп жатыр.