Bek Air ұшағы апатын тергеу әлі аяқталған жоқ

Осыған байланысты Қазақстан Африкадан көмек сұрады. Бүгінде Fokker 100 ұшағының апатына қатысты тергеуді Ішкі істер министрлігінің Көліктегі департаменті жүргізіп жатыр. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлайды. “Қазір Африка елдерінен жауап күтіп отырмыз. Олардың көмегінсіз тергеуді аяқтау мүмкін емес”, – деді министрлік өкілдері. Ведомство неге Африка елдерінен тергеуге көмек сұрағанын нақтыламады. Fokker 100 ұшағын дәл осы аттас голландиялық ұшақ өндірушісі шығарған. Ал Bek Air әуекомпаниясының иелігіне алынғанға дейін бұл ұшақтарды португал әуекомпаниясы басқарған. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан елордаға шыққан Bek Air ұшағы биіктік жоғалтып, әуежайдан ұшып шыққан бетте құлаған. Бортта 95 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. Апаттан 12 адам қаза тапты.