Евгений Пригожиннің ұлы әкесінен қалған екі компанияға ие болды

Олар азық-түлік жеткізу жөнінде мемлекеттік тапсырыс арқылы миллиардтаған рубль пайда тауып отырған “Конкорд менеджмент, консалтинг” және “Конкорд кейтеринг” компаниялары. Павел Пригожин биыл 8 қыркүйекте ашылған мұрагерлік туралы өсиет бойынша “сенімді басқарушы” болып тағайындалған. Естеріңізге сала кетсек, 23 тамызда жекеменшік “Вагнер” әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин мінген жекеменшік Embraer ұшағы әуеде жарылып, Пригожин де, серіктері де қаза тапқан. Өлерінен екі ай бұрын Пригожин бастаған жасақ Ресей қорғаныс министрлігіне қарсы бүлік шығарып, Мәскеуге кіруге аз-ақ қалған еді. Ресей президенті Владимир Путин бастапқыда “Вагнер” мемлекетке сатқындық жасады деп айыптаған, Пригожиннің үстінен қылмыстық іс қозғатқан. Кейін Александр Лукашенконың араласуымен “Вагнер” беларусь жеріне кеткен. Путин бүлікшілерді қудаламауға уәде берген. Тергеу әлі аяқталмаған. Пригожиннің ұшағы атып түсірілген дейтін болжам да бар.