Алматы әкімдігі осылай деп хабарлады. Зақым келген нысандар анықталған жағдайда қала тұрғындары аудан әкімдігіне фотоматериалдармен бірге өтініш берулері қажет. Соның негізінде комиссия мүшелері ғимаратқа көшпелі тексеріс жүргізеді. Қорытындыны Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты мамандары шығарады. «Жер сілкінісі кезінде әлеуметтік нысандар бүлінсе, жөндеу бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Ал көппәтерлі тұрғын үйлердің әрлеу элементтері зақымданған жағдайда жөндеу кондоминиум қаражаты есебінен жүргізілуі қажет. Ғимараттардың тұтастығына қауіп төндіретін зақым болған жағдайда, мемлекеттік органдардың бюджетінен қаржы бөлінетін болады”, — деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.