Испанияда үш күндік аза тұту жарияланды

Испанияда үш күндік аза тұту жарияланды.

Премьер-министр Педро Санчес осылай деп мәлімдеді. Елде жедел жүретін пойыздардың соқтығысуынан кемінде 40 адам қаза тапқан. Қайғылы оқиға жексенбі күні кешке Андалусия өңірінде болды.

Мадридке бағыт алған пойыз рельстен шығып, қарсы бағыттағы жедел пойызбен соқтығысқан. Нәтижесінде 120-дан астам адам жарақат алды. Олардың 41-і ауруханада, 12-сі жансақтау бөлімінде жатыр.

Теміржол инфрақұрылымына жауапты Adif компаниясының мәліметінше, алдын ала деректер рельстердің бір бөлігінде техникалық ақау болуы мүмкін екенін көрсеткен. Алайда оның апатқа себеп болғаны әзірге нақтыланған жоқ. Тергеу кемінде бір айға созылады.

Испанияның көлік министрі Оскар Пуэнте қаза тапқандар мен жараланғандардың басым бөлігі пойыздың алдыңғы вагондарында болғанын айтты. Испания королі Фелипе VI мен патшайым Летиция қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Ал Испания Қызыл Кресті апат орнында медициналық және психологиялық көмек көрсетіп жатыр.