Одессада қазақстандықтарды алдап жүрген call-орталық жабылды

Одессада қазақстандықтарды алдап жүрген call-орталық жабылды.

Қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде интернет-алаяқтықпен айналысып келген. Call-орталықтың қызметі Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Украина Ұлттық полициясының бірлескен әрекетінің арқасында тоқтатылды.

«Алдын ала мәлімет бойынша, 120-дан астам адам алаяқтардың құрбаны болған. Ал жалпы материалдық шығын 85 миллион теңгеден асқан», – деді Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

Алаяқтар жәбірленушілердің ақша қаражатын және жеке деректерін ұрлап отырған. Халықаралық операция аясында сегіз санкцияланған тінту жүргізілді. Тоғыз Украина азаматы күдікті ретінде танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың кибералаяқтықтың басқа да эпизодтарына қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Қазақстан ІІМ азаматтарға банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдары ешқашан «қауіпсіз шоттарға» ақша аударуды талап етпейтінін және қосымшаларды орнатуды сұрамайтынын ескертті.