Перизат Қайраттан тәркіленген көліктер мемлекеттік органдарға берілді

Перизат Қайраттан тәркіленген көліктер мемлекеттік органдарға берілді.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков тәркіленген көліктердің неге саудаға шығарылмағанын түсіндірді. Оның айтуынша, мұндай мүлік құқық қорғау органдарына тегін беріледі. Бұл бюджет қаражатын үнемдеу үшін қарастырылған шара.

«Жаңадан сатып алғаннан гөрі, тәркіленген көлікті пайдалану тиімді. Егер мемлекеттік органдарға қажет болмаса, ол кезде ғана аукционға шығарылады», — деді Нұрмахан Әділбеков.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Перизат Қайраттан тәркіленген 80 миллион теңгелік Mercedes астаналық полицияға берілген болатын. Перизат Қайрат 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген айыппен 10 жылға сотталған еді.