Алматыда қоғамдық көліктің жаңа түрі іске қосылады — SkyTrain монорельс жүйесі.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын екі желі салынады. Олар Райымбек даңғылы, Саин көшесі және Әл-Фараби даңғылын қамтиды. Осыған байланысты Райымбек даңғылындағы BRT жобасының бір бөлігі қайта қаралады.
Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, Райымбек даңғылының Өтеген батыр көшесінен Емцов көшесіне дейінгі бөлігінде орнатылған BRT элементтері бөлшектеледі. Мұндай шешім бюджет қаражатын тиімді пайдалану және SkyTrain жобасын жүзеге асыру жоспарымен байланысты.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, SkyTrain жолдың үстімен арнайы эстакадалар арқылы жүріп, жерүсті қоғамдық көлікпен ыңғайлы ауысу жүйесі арқылы байланысады. Жоба тұрғындардың жол жүру уақытын қысқартуға ықпал етеді.
