«Қазақфильм» ғимаратындағы өрттен алдын ала есептеулер бойынша 48 981 130 теңге шығын келген.
Бұл туралы «Қазақфильмнің» instagram парақшасында хабарланды. Алматы қалалық ІІД-нде «Қазақфильм» киностудиясындағы өрт шығу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Бұл төтенше жағдай Алматы қаласы әкімінің, ҚР Ішкі істер министрі мен Мәдениет және спорт министрінің жіті бақылауында. «Сондай-ақ киностудия әкімшілігі ішкі тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Белгілі болғандай ең алдымен өрт орман қоймасының ашық аумағында басталған. Шамамен 20 минуттан кейін «Қазақ хандығы» тарихи фильмі үшін жасалған «Шайбан шахтың ішкі ауласынан» өрт шыққан.
Бұл ағаш құрылым алғашқы ошақтан 300 метр қашықтықта орналасқан», – делінген хабарламада. От шыққан қоймада жанғыш материалдардың болмауы мен оған электр тоғының тартылмауы өрттің өздігінен шығу фактісін жоққа шығаратыны айтылған.