Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында бес жасар баланы зорлады деп күдікке ілінген 62 жастағы ер адам 6 қазанда тергеу изоляторынан өлі күйінде табылды. Бұл ақпаратты аймақтың қылмыстық-атқару жүйесі департаменті растады.
– Жедел жәрдем бригадасы адам өлімі болғанын растады. Әзірге толық емес ақпарат бойынша күдікті суицид жасаған болуы мүмкін. Тексеру кезінде мәйіттен дене жарақаты табылған жоқ. Факт сотқа дейінгі тергеу амалдарының бірыңғай реестрінде тіркелді. [Тергеу изоляторына] Қарағанды полициясы басқармасының тергеу тобы келді. Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметтік тексеріс тағайындады, – деді Қарағанды облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне.
24 шілдеге қараған түні Сәтбаевта жүздеген азамат көшеге шығып, “пәтерінде 5 жасар баланы зорламақ болған” ер адамды қолға тапсыруды талап еткен еді.