Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының төрайымы Нұржан Шайлдабекова 16 қазанда осылай деп мәлімдеді. Ол сонымен бірге президент міндетін атқарушы премьер-министр Садыр Жапаровтың кезектен тыс президент сайлауына қатысуға құқығы жоқ екенін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда кезектен тыс президент сайлауының мерзімін Жогорку Кеңеш белгілейді, ол үш ай ішінде өтуі тиіс. Ал Садыр Жапаров парламент пен президент сайлауы заңнамада көрсетілген мерзім бойынша өтеді деп мәлімдеген. Ол саяси партиялардың парламентке өтуі үшін қажетті межені 7 пайыздан 5 пайызға төмендетуді ұсынған. Қырғызстанда 4 қазан күнгі парламент сайлауынан кейін тұтанған наразылық акциялары жалғасып жатқан тұста президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кеткен.