Тойға полицейдің формасын киіп келген тамада жазаланады

фото: КТК

Ішкі істер органдары тойға полицейдің формасын киіп келген тамаданың жазаға тартылатынын мәлімдеді, деп хабарлады Polisia.kz. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде киіз үйдің ішінде өтіп жатқан тойдың видеосы кеңінен тарап жатыр. Ішкі істер органдары тойдың өткен жерін және бейнежазбадағы асабаның кім екенін анықтады.

Қарағанды облыстық полициясының баспасөз хатшысы Жанатай Сембеков, мұндай бейнежазбалар ішкі істер органы қызметкерлері мен санитарлық дәрігерлердің коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бағытында атқарып жатқан жұмыстарын жоққа шығарады деп санайтынын жеткізді.

“Сондықтан да нысанды киім киген асаба, той иелеріне заңдылықты бұзуға септігін тигізген осындай қылығымен барлық полиция қызметкерлерінің беделін түсірді”, – дейді ол. Қазіргі уақытта “жалған полицейді” Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 675-бабы “айырым белгілері мен нышаны бар әскери киім нысанын, сондай-ақ нысанды киім мен арнаулы киім-кешекті заңсыз киіп жүру (пайдалану)” бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатыр.