Әзербайжан, Армения және Ресей Таулы Қарабақта толықтай атысты тоқтату туралы келісімге келді. Бұл мәлімдеме 10 қарашада 00:00-де күшіне енді. Алайда бұл келісім армяндар арасында наразылық толқынын туғызып, көпшілік елдің премьер-министрі Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап етуде. Sputnik Армения жазғандай, “Өркендеуші Армения” оппозициялық партиясының өкілі Ивета Тоноян Пашинянның отставкаға кетуі талап етіліп жатқанын мәлімдеді. “Бүгін біздің тарихымыздың ең масқара парағы жазылды. Бірнеше сағат бұрын “Өркендеуші Армения” партиясы мен бірқатар партиялар премьер-министрдің отставкасын талап етті. Осының бәрінен кейін Пашинян ең құрымағанда отставкаға кетуі керек”, – дейді ол. Кейінірек Еревандағы Ұлттық жиын ғимаратының жанында наразылық білдірушілер Армения парламентінің спикері Арарат Мирзоянның күзетшілерімен қақтығысқаны белгілі болды. Шенеуніктің өзі көлікте болған. Наразылық білдірушілер оны көлігінен сүйреп шығарып, соққыға жыққан. Мирзоян ауруханаға жеткізілген.