Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі автокөліктерді тіркеу процесін жеңілдетті. Енді сатып алушы көлік сататын адамның шотына ақша аударған кезде, көлік иесі автоматты түрде өзгереді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрдің айтуынша, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына жыл сайын 3 миллионнан астам адам жүгінеді. Соның салдарынан үлкен кезек болып жатады.
“Азаматтар автокөлікті тіркеу қызметі онлайн болса да, ХҚКО-ға барып, бірнеше сағат уақытын жұмсайды. Біз осы мәселені талқыладық. Жаңа процесс бойынша сатып алушы көлікті сататын адамның шотына ақша аударғанда, көлік иесі автоматты түрде өзгереді. Дәл бүгін осы ыңғайлы сервисті пилоттық режимде Kaspi.kz мобильді қосымшасына шығардық”, – деді ведомство басшысы Бағдат Мусин үкімет отырысында.
Ал кредитке алынған көліктерді тіркеу бойынша “Сбербанк” және “Халық банк”-пен жұмыс жүргізіліп жатыр.