Алматыда қыркүйектен бастап 115 оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырған. Бұл жайында қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Бекшиннің айтуынша, онлайн режимде оқитын оқушылар инфекцияны кеңседе жұмыс істейтін және көпшілік жерге баратын отбасы мүшелерінен жұқтырған.”Онлайн форматта оқып жатқан балалардың коронавирус жұқтырып жатқаны анықталуда. Оған сабақтан тыс уақытта компьютерлік клуб немесе басқа да жабық ғимарат ішінде жүруі себеп болып отыр”, – деді Бекшин.
Айтуынша, кейінгі екі аптада қалада санитарлық талапқа сай келмейтін 11 компьютерлік клуб жабылған.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Алматыда қыркүйектен бастап 115 бала инфекция жұқтырған, оның ішінде 109 бала онлайн режимде оқыған, 6 бала дәстүрлі форматта білім алған. Инфекция жұқтырған бала оқыған сыныптар 14 күндік карантинге жіберілді, ал мектептер жұмыс істеп тұр.