“Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” атын жамылған қаржы пирамидасы анықталды. Алаяқтардың құрбанына айналған елордалықтар полиция бөлімшесіне шағым түсірді. Жәбірленушілердің айтуынша, Otbasy men jastardy qoldau qory клиенттерге қарыз берген, алайда келісім бойынша өз міндетін орындамаған. Корпоративтік қор өз қызметін мемлекет қолдау көрсететін әлеуметтік бағдарлама деп атап, 3,7 пайыздық ипотека беруге уәде еткен. Бірақ бастапқы жарна – сатып алатын пәтер немесе автокөлік бағасының 50 пайызын сұраған. Қарыз беру кезінде клиенттің несие тарихы, жасы мен зейнетақы жинағына қарамайтын компания Қазақстанның барлық өңірінде бар. 600-ге жуық адам қорға бір миллиард кейбірі екі миллион теңге салған. Тіпті 120 миллион салғандары да бар. Салымшылардың жартысынан көбі көлік те, пәтер де алмағанын және ақшаларын қайтара алмай отырғанын айтады.