АҚШ “қазақстандық” Альфа-банкті санкциядан босатты

Фото: mail.kz

АҚШ бұрын ресейлік Альфа-банктің Қазақстандағы бөлімшесі болған қаржы ұйымын санкциядан босатты. 24 ақпаннан бері ресейлік үш банктің Қазақстандағы бөлімшелері – “Сбербанк Қазақстан”, “Альфа Банк” және “ВТБ Банк Қазақстан” санкция тізіміне ілініп, олардың қызметіне бірқатар шектеулер қойылған еді. Осыдан кейін банктер бірқатар шектеулер қоюға мәжбүр болды. Артынша Альфа-банктің Қазақстандағы бөлімшесінің иесі өзгеретіні және бірқатар инвесторлармен келіссөз жүріп жатқаны хабарланды. Мамыр айында банк қазақстандық “Банкцентркредит” ұйымына сатылып, ребрендинг жүргізілді. Қазір Альфа-банктің Қазақстандағы бұрынғы бөлімшесі Eco Center Bank деген атпен жұмыс істеп жатыр. 14 шілдеде АҚШ қаржы министрлігі Ресеймен тыңайтқыш, азық-түлік, тұқым, дәрі-дәрмек және медицина жабдықтары бойынша келісім жасауға да рұқсат берген. Арнайы құжат ведомство сайтында жарияланды.