Ақтөбедегі оңалту орталығында бір үйдің екі баласы дене жарақатын алды

Егіз ұлдың анасы Гүлбану Жанбозованың айтуынша, орталықта бір ұлы бақайын шығарып алса, екіншісінің иық сүйегі сынған. Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды. Қазір зардап шеккен баланың иығына гипс салынған. Мекемедегілер балалардың қандай жағдайда жарақат алғанын айтты. Бірінші бала есіктің босағасына аяғын соғып, бақайын шығарып алса, екіншісінің әткеншектен құлаған кезде иығы сынған. “Балалар орталықта болғанда олардың дене жарақаттарын алғанын білген жоқпыз. Кейін ауруханаға барғаннан кейін анықталды. 50 мың теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге дайынбыз. Балаларға әрі қарайда оңалту қызметін, массаж, тағы басқа ем-шараларын ұсына аламыз. Көмектесуге дайынбыз”, – дейді оңалту орталығының директоры Руслан Қазыбаев. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға қатысты тексеру шараларын жүргізетіндігін мәлімдеді. Балалардың алдағы уақытта тегін ем алуына да көмектеспек. Балалардың анасы полицияға арызданған.