Ақтауда туған қызын зорлаған әскери қызметкер ең қатаң жазаға кесілді

Ақтаудағы № 25 744 әскери бөлімінің бұрынғы сержанты 11 жасар туған қызын зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы “НеМолчиKZ” қоғамдық қоры хабарлады. 1 тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты бұрынғы әскери қызметкерге қатысты үкім шығарды. “Қазақстан Қылмыстық кодексінің 120-бабы 4-бөлігі, 121-бабы 4-бөлігі, 124-бабы 3-бөлігі бойынша өзінің 11 жасар туған қызын зорлағаны үшін оған өмір бойына бас бостандығынан айыру және химиялық кастрациялау жазасы тағайындалды”, – деп жазылған хабарламада. “НеМолчиKZ” қорының мәліметінше, ажырасып, басқа әйелге үйленген педофил қызын алып кетіп, жалдамалы пәтерде зорлаған. Қыз мұны анасына айтудан қорыққан, бірақ анасы мұны білген бойда полицияға арыз жазған.