Афроамерикалық 46 жастағы Джордж Флойд қылғындырудан өлді

Афроамерикалық 46 жастағы Джордж Флойд қылғындырудан өлді. Бұл Миннеаполистегі ресми сот-медициналық сараптаманың қорытындысы деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Сараптамада “өлімнің себебі” деген жолға “құқық қорғау органдарының қызметкері “қысып және мойнынан қылғындырғаннан кейін жүрек-өкпе қызметі тоқтап қалған” деп жазылған.

Қайтыс болу себебі “өлтіру” деп көрсетілген. Басында дәрігерлер Флойд қылғындырудан қайтыс болды деп есептемеді. Кейін оның отбасы мәйітті тәуелсіз мамандарға тексертіп, нәтижесінде оны тұншықтырған деген қорытынды шығарған еді. Бұл шешімді ресми сот-медицина сараптамасы растады.

Еске салайық, Флойдты 25 мамырда полицейлер ұстап, сегіз минут бойы тізесімен мойнынан басады. Флойд қарсылық білдірмеген, қолында кісен болған. Оның өлімінен кейін елде жаппай наразылық шаралары басталды.