Алматы кафелеріне көп адам қабылдауға рұқсат берілді

Жазғы терассасы бұрыннан жоқ нысандарға іргелес жатқан аумақтарды қосып, қонақтарды күтуге мүмкіндік жасалды. Қала әкімдігі тұрғындар арасында маусымдық сұраныстың артқанын ескере отырып, кәсіпкерлерге осындай қолдау жасады деп хабарлайды Tengrinews.kz.

“Мейрамхананың немесе кафенің маңына күрделі құрылыс салмай, уақытша, эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып, шектеу шаралары алынғанға дейін қосымша орындар қоюға рұқсат етіледі. Бұл ретте, үстелдер жаяу жүргіншілерге, велосипедшілерге, автомобиль көлігінің жүруіне кедергі немесе қолайсыздық келтірмеуі тиіс” делінген хабарламада.

Алматы қаласының меншігіндегі жер телімдерінің шекараларында маусымдық кафелерді (жазғы алаңдарды) орналастыру жер-құқықтық қатынастары рәсімделмей жүзеге асырылады. Аталған нысандарды тұрғын үйлердің терезесінің алдынан ашуға сол үй тұрғындарының жазбаша келісімі болса, барлық санитариялық-эпидемиологиялық талап сақталса ғана нысандардың қызметіне рұқсат етіледі.

Қалада банкеттер мен салтанатты жиындар өткізуге тыйым салынған. Караоке, бильярд және басқа да қоғамдық тамақтандыру аумағында көңіл көтеретін мекемелердің жұмысына шектеу қойылған. Кальян жұмыстарына карантиннің барлық кезеңіне тыйым салынған. Айта кетсек, бір үстелге отбасы мүшелерін қоспағанда, 4 адамнан артық адам отырғызуға болмайды. Қоғамдық тамақтандыру нысандары сағат 23:00-ге дейін рұқсат берілді.